«Бір мақсат! Бір мүдде! Бір болашақ!» атты ҚазҰТЗУ жастарының форумы

    2015 жылы 27 қарашада Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «Жас көшбасшылар мектебі» аясында «Бір мақсат! Бір мүдде! Бір болашақ!» атты жастар форумы өтті. Форумға университет басшылары, белсенді студенттер және қазақ эстрадасының әншілері қатысты.
    Форумда университетіміздің Жастар ұйымдары комитетінің төрайымы, бірнеше ғылыми инновациялық жобалардың авторы, Шеврон стипендиалық бағдарламасының жүлдегері Мадина Еркінова және «Бәйшешек» әдеби бірлестігінің мүшесі Тілек Жұмабек сөз алды.
    Әрбір жаңа істің басы-қасында жастар жүретіні айдан анық. ҚазҰТЗУ-да жалынды жастарымен көркеюде. Сол жастардың білімімен, дарын-талантымен, қайрат күшімен шарықтап, одан әрі дамып келеді. Университет басшылығы жастардың жаңа бастамаларына үнемі қолдау көрсетіп келеді.
   ҚазҰТЗУ уәкілетті тұлғасы Зейнуллин Әбдікәрім Әбжәлелұлы университет ұжымын, студенттерін «1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні», «16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі күні» мерекелерімен құттықтап, аталған мерекелерге орай қызметкерлер мен студенттерге қаржылай сыйақы берілетіндігін хабарлады.
    Форум барысында Тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Сәрсенбекова Гүлнәр Әлібекқызы оқуда озат, университетіміздің қоғамдық өміріне жоғары белсенділікпен қатысып жүрген студенттерге «Жастар ұйымдары комитетінің мүшесі» куәлігін тапсырды. Сондай-ақ «Біздің студенттік өмірге қош келдің!» атты студенттік бірлестіктер жәрмеңкесіне жоғары белсенділікпен қатысып, университетіміздің өркендеуіне, студенттік өмірдің дамуына үлес қосып келе жатқан 125 студенттік бірлестіктердің көшін бастаушы үздік клубтар марапатталды.
   Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында өткен жастар форумында университеттік көркемөнерпаздар үйірмелерінің жас әншілері мен жігіттер тобы, қазақ эстрадасының әншілері Інжу, Ғаділбек Жанай, Серікбол Сайлаубек халыққа танымал әндерімен жақсы көңіл күй сыйлады. ҚазҰЗТУ студенттері өз кезегінде Елбасының сүйікті әндерін қосылып шырқады.
     Бүгінгі күнде талантты, талапты жастардың жаңашыл бастамаларын жүзеге асыруға университетімізде барлық мүмкіндіктер жасалған. Осы орайда университет басшылығына ҚазҰТЗУ жастарының жасаған жұмыстарын елеп, жаңа бастамаларымызға қолдау көрсетіп, ынталандырып отырғандарына студенттер атынан алғыс білдіреміз.

ТЖД

Сіз 24688500 енушісіз.
Powered by Drupal
Copyright © KazNRTU, 2007-2016